top of page

Жезқазған қаласының тарихы

         Жезқазған- жер шарындағы бақ  дарыған өлке,

табиғат барлық  қазба байлықтарын бұл өңірге

аямай үйіп-төгіп шоғырландырған. 

Қ.И.Сәтбаев

                               Кенгір жағасында туған қала  

 

       Әр қаланың, әр елді мекеннің, тіпті, кішкене ғана ауылдың да өсу-өркендеу жолы, даму тарихы бар. Табиғат  Жезқазғанға екі байлық берген. Оның біреуі-мыс дариясы, екіншісі- Кенгір жасанды  өзені.  Міне, осы екеуінің арқасында бүгінгі Жезқазған қаласы дүниеге келді.  Оның өмірбаянына бүгін- 65 жыл.

        Сонау елуінші жылдардың бел ортасында  Қостанкелді сайының бойында, Кенгір  өзенінің жағасында, болашақ қаланың алғаш қазықтары қағылып,  үйлердің тұңғыш ірге тастары қалана бастады.  Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев қала  салудың қажеттігін бұрынғы Одақтың алдына талай рет қойған еді. Қаныш бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ақыры жоғарыдағылардың көзін Жезқазған өңірінің  болашағына әбден жеткізген соң жұмысшы поселкесі жедел салына бастады. Сол кезде бой көтеріп келе жатқан осы қалашықтың кейін аты әлемге әйгілі өндіріс ошағының орталығы боларын  дөп басып  білмесе де, Советтік Қазақстанның  қанатының кеңге жая түскенін жария еткендері еді.   Содан бері  міне ,  алпыс бес жыл уақыт өтті.

        Жезқазған қаласы туралы әңгіме қозғағанда Үлкен  Жезқазған өндірісінің қалыптасуына соқпай өте алмайсың. Сол өндіріс ошағының негізінде бүгінгі Жезқазған қаласы өмірге келді. Оның басында қазақтың бір туар ұлы перзенті Қаныш Сәтбаев тұрса, оның асыл армандарын әріптестері, ізбасарлары Виктор Гурба, Василий Штифанов, Ғазиз Омаров сында азаматтар абыроймен жалғастырып, Жезқазған  қаласының шаңырағын тіктеп, керегесін кеңейтті.  Ол шеті мен бұл шетіне қараған кісінің көз тоқтатар қарасы жоқ жазық далада зәулім қала тұрғызды. Оның атын әлемге әйгілі етті.

        1928 жылы алғашқы өнеркәсіп халық комиссарларының  бірі Ф.Э.Дзержинскийдің ұйғарымымен Жезқазған кенін қорытатын Қарсақбай мыс заводын іске қосу, отын ретінде Байқоңыр көмір ошағын  пайдалану мәселелерін шешетін алғашқы мамандар тобының Қарсақбайға жіберілуі бастау болған еді. Бұдан кейін Қарсақбайға бірінен соң бірі бірнеше мамандар келді.        

        Кенгір өзенінің  жағасындағы Наушабай дейтін ауылға 1935 жылы теміржол торабы жеткізіліп, Кенгір  атанған станция іске қосылды.  Сол кезде “Кенгір су қоймасы, байыту  фабрикасы, электр станциясы, мыс қорыту заводы және “социалистік қала салынады” деген  жоба болды.

              Бұл жоба  2-3 жылдың ішінде салынып, Жарық-Жезқазған теміржолы пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыру қызу қолға алынған шақта ,1941 жылы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, барлық күш Отан қорғау ісіне бағытталды.

Соғыс аса қарқын алған жұмысты еріксіз тоқтатып кетті. Себебі: “Жезқазғанқұрылыс” тресі таратылды.  Құрылыс  жұмыстары  тоқтағанмен, Қарсақбай заводы мен Жезқазған шахталарының жұмыстары бір сәт те үзіліс болған жоқ.

        Үлкен Жезқазғанның өмірге келуі  және жобаны әрі қарай іске асыру мақсатында  1944 жылы Халық Комиссарлар Кеңесінің бұйрығымен құрылған “Қазмысқұрылыс”  тресінің пайда болуымен жүзеге асты.  Бір қабатты үйлер салына басталды. Кеңгір поселкесінен 25 шақырым жердегі мыс кені рудасын шығаратын  шахталар мен карьерлер ортасында орналасқан поселке “Рудник-Жезказган” немесе жай ғана “Рудник” деп аталған еді. Жаңа темір жол табаны сол поселкеге дейін жеткізілді. Станцияны “Новорудник” деп атайтын. Ол казіргі Теміржол (Весовая) поселкесі. Он алты жылдың ішінде өгіз-арбадан, қайла мен  күректен басталған жұмысшылар поселкесінде 14 мыңнан астам тұрғындар тұрды.                

       Сөйтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1954 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Үлкен Жезқазған жұмысшы поселкесі облыс қарамағындағы  Жезқазған қаласы  болып құрылды. Бұл кезде  ондағы тұрғын халықтың саны 30 мың адамға жетіп қалған, еді.

      Жаңадан  құрылған “Жезқазғанқұрылыс “тресі  Кенгір өзеніне тоған салуға кірісті. Тоған өзен суымен бірге көктемгі қар суы тасқынын да бөгеп, мол су қорын жинауға жағдай жасады. Жаңа құрылыс тресі жылу-электр орталығы, байыту фабрикасы, кірпіш және ағаш өңдеу заводтары, басқа да өндірістік және   тұрмыстық нысандар құрылысымен қауырт айналысты.

        1955 жылдың көкек айында қалалық партия комитеті ұйымдастырылды. Жаңа қалаға әртүрлі мамандық  иелері, тұрғындар келе бастады. Кенгір көшесіндегі екі қабатты үйдің бірінші қабатында қалалық кеңестің атқару комитеті, екінші  қабатында партия комитетінің аппараты орналасты. Қазір бұл көше Тарадай атында.  Ол кезде біртұтас қала көрінісі жоқ еді.Қазіргі Жезқазған қаласы тұрған орынды алғашында “Соцгород” дегенмен, кейін “Завод алаңы”  дейтін болды.

     Өйткені, мұнда өндіріс орындары біріктірілген ”Жезқазған мыс заводының басқармасы”   деп аталатын әкімшілік болды. Оның құрамында Кенгір су қоймасы, №1 байыту  фабрикасы, жылу-электр орталығы, құю-механикалық  заводы және соның жанындағы  тәжірибелік  гидро-металлургия заводы енген.

     Жезқазған қаласының қазығы болған Завод алаңында үш биік ғимарат болды. Олар: Некрасов көшесінің бақжолы бөлігінің қақ ортасында орналасқан, қызыл кірпіштен салынғандықтан, “Қызыл почта” атанған, екі қабатты почта үйі, қазіргі  Гагарин көшесі бойындағы екі қабатты мектеп үйі және Металлургтер сарайы. Олардан басқа сәулетті, көрнекті ғимараттар болмады. Сонымен қатар қазіргі Жастар көшесі ол кезде  Комсомол, Сәтбаев көшесі-Вокзал көшесі деп аталатын.  Қазіргі Абай көшесінің бойында бірнеше коттедждер, ағаштан және ұсақ шлакоблоктан екі қабатты үйлер салынды.

     Құрылыс  жұмыстарының қанатының кең жайылып күш-қуатының арта бастаған тұсы 1956-1965 жылдар. Осы жылдары “Қазмысқұрылыс” терсінің өндірістік базасы кеңейіп ауқымды  бағдарламалар жасалынды. Қазмысқұрылыстықтар жыл сайын   орта есеппен 62-65 шаршы метр тұрғын үй салды және олар көп қабатты болды.    

    1960-1980 жылдары трестің тәжірибесі молайып құрылыс-монтаж жұмыстарының қыр-сырын жетік  меңгерген құрылысшылар қазіргі Сәтбаев қаласын, Жәйрем поселкесін, Кенгір, талап елді мекендерін ортнатса, бұл кезеңнің аса ірі оқиғасы  Жезқазған мыс қорыту заводының салынуы. Осы жылдары 55 және 57  шахталардың құрылысы аяқталды. Жезқазған әуежайы, Үйтас-Айдос су қойма кешені, политехникалық және педагогикалық институттарының ғимараттары, кәсіптік-техникалық училище, балабақшалар мен мектептер ттағы да көптеген маңызды кен өндіру кешендерінің объектілері салынып қаланың көлемі ұлғая  түсті. 1986 жылдардан  кейін трест қызметі өз жұмыстарының жандана  түсуі  облыстық көпсалалы аурухананың, мүгедектер үйінің, стоматология емханасының, перзентхананың салынуынан көруге  болады. 

      Қажырлы екбекпен  салынған әрбір ғимараттар әлі сан  ғасырлар бойы халыққа қызмет ете беретіні сөзсіз. Жезқазған тек кенші қала атағымен шектеліп қойған жоқ, бұл жерден небір  талантты оқымыстылармен өнер жұлдыздары шықты. Кезінде С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Ерубаев, М.Сәрсекеев, Т.Молдағалиев т.б. ақын жазушылар бұл өңірді шығармаларына арқау етті.

 

 

Сатпаев реставрация Дамир Таиров ИИЦ.jpg
bottom of page